Бір патша ең жақсы әрі көркем сөз айтқан адамға 400 динар берем деп жарлық шығарыпты. Келесі күні нөкерлерімен сапарға шығады. Жолда жас зәйтүн ағашының шыбығын көшеттеп жатқан тоқсандағы қарияны жолықтырады. Патша оған: «Мына көшетіңіз жеміс бергенше жоқ дегенде жиырма жыл керек. Төріңізден көріңіз жақын қалғанда жемісін көрмейтін іске неге арамтер болып жатырсыз?» - дейді. Сонда қария: «Бұрынғылар еккен ағаштың жемісін біз теріп жеген болатынбыз, енді біз еккен ағаштан кейінгілер жемей ме?!» - дейді. Патша: «Неткен әдемі сөз!» - дейді де, қарияға 400 динар бергізеді. Ақшаны алған қарт күлімсірейді. Сонда патша: «Неге күлдіңіз?» - деп сұрайды. Қария: «Зәйтүн ағашы жиырма жылдан кейін жеміс берсе, менің ағашым қолма-қол жеміс берді!» - дейді. Патша бұл сөзге одан әрі таңғалып, тағы да 400 динар бергізеді. Қария тағы да күлімсірей түседі. Патша себебін сұрағанда: «Зәйтүн ағашы жылына бір-ақ рет жеміс берсе, менікі екі рет жеміс беріп тұр емес пе?» - дейді. Бұл жауапқа қайран қалған патша тағы да 400 динар бергізеді. Сосын атын тебініп, қарияның қасынан жылдам қозғалып кетеді. «Неге асықтыңыз?» - деп таңырқаған уәзіріне: «Мына қарияның қасында тұра берсек, сөздері таусылғанша қазынамызды тауысып бітетін түрі бар» - деген екен. Осылайша, жақсылық та еш таусылмай, әрдайым өз жемісін үздіксіз бере бермек!

Теги других блогов: продвижение SEO Google